457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Jenys дзюдо клубы Жапонияның жетекші білім беру ұйымымен ынтымақтастық орнатты

Қазақстандық Jenys Judo Club дзюдо саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын жапондық JUDOs Nonprofit Organization ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Жеңіс клубының директоры Айдар Махметов хабарлады. Құжатқа қол қою рәсімі Токио қаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің Жапонияға ресми сапары аясында өтті. Меморандум дзюдоны дамыту, жаттықтырушыларды даярлау сапасын арттыру, бірлескен семинарлар өткізу және дзюдо құндылықтары арқылы Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға бағытталған.

Аталған ынтымақтастық аясында Қазақстан алғаш рет дзюдоның отаны саналатын Жапонияның ғылыми тәсілдеріне, заманауи білім беру жүйесіне және жаттығу процесінің озық әдістемелеріне тікелей қол жеткізеді. Сонымен қатар, жапондық білім беру бағдарламаларына, мектептер мен университеттерге, сондай-ақ Кодокан жүйесіне қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Келісім қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларды Жапонияға жіберіп, білімін жетілдіруге және кәсіби деңгейін арттыруға жол ашады. Бұл қадам Қазақстандағы мектеп, балалар және кәсіби дзюдоны дамытуда маңызды рөл атқарады.

Айдар Махметовтің айтуынша, бұл меморандум ұлттық дзюдо жүйесін жаңғыртуға, жаттықтырушыларды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыруға және Қазақстанды әлемдік үздік тәжірибелермен интеграциялауға бағытталған стратегиялық маңызға ие.

Айта кетейік, JUDOs ұйымының негізін қалаушы әрі жетекшісі - Сидней-2000 Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы, қазіргі таңда Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) спорт директоры Косеи Иноуэ. Ал Jenys клубының құрылтайшысы - белгілі кәсіпкер әрі меценат, IJF президентінің кеңесшісі Алмаз Алсенов.

Фото: Айдар Махметов