Еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасы үшін Загребтегі ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Хорватия астанасында біздің палуандар 10 салмақта сынға түсіп, 2 қола жүлдеге қол жеткізді. Алғашқы жарыс күні бозкілемге шыққан Асылжан Есенгелді (-61 кг) мен Нұрқожа Қайпанов (-70 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Осы жолы Нұрқожа әлем чемпионаты жүлдегерінің қорын толық жинады. Ол 2019 жылы Қазақстанда күміс, былтыр Албанияда 70 кг дейінгі салмақта алтыннан алқа таққан.
Сондай-ақ кеше тағы бір отандасымыз Камиль Куруглиев қола жүлдеге таласты. Ол 92 кг дейінгі салмақта 3 дүркін Азия чемпионы Амирхосейн Биглар Фиразпурға (Иран) есе жіберіп, үздік бестіктен көрінді. 20 жастағы ақтаулық палуан бір ай бұрын Болгарияда өткен аталған жас санатындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы дүниежүзілік бәсекесі.
Айта кетейік, Загребтегі бәсекеге еркін күрестен 62 мемлекеттің таңдаулы 307 спортшысы қатысты. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы – 6, Олимпиада жүлдегерлері – 14, әлем чемпионы – 7, Азия мен Еуропа чемпионы – 23.
Фото: ДРС