Демеу Жадыраев пен Ақжол Махмудов Олимпиададан кейін алғаш рет белдеседі
Мажарстанның Будапешт қаласында өтіп жатқан рейтингтік турнирде ертеңгі жарыс күнінің басты оқиғаларының бірі – қазақстандық Демеу Жадыраев пен қырғызстандық Ақжол Махмудов арасындағы белдесу болмақ, деп хабарлайды malimsports.kz.
82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсетін Демеу Жадыраев жарысты алғашқы айналымнан бастайды. Жеребе нәтижесі бойынша оның алғашқы қарсыласы – Қырғызстанның екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмудов.
Бұл – қос балуанның Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы кездесуі. 2024 жылғы Олимпиада ойындарында 77 келіге дейінгі салмақта Демеу Жадыраев Махмудовты жеңіп, жарыстың басты сенсацияларының бірін жасаған еді. Сол жеңістен кейін қазақстандық балуан финалға дейін жетіп, Олимпиаданың күміс жүлдесін иеленген болатын.
Будапештегі кездесу Махмудов үшін Олимпиададағы жеңілістің есесін қайтаруға мүмкіндік болса, Жадыраев үшін өз басымдығын тағы бір мәрте дәлелдеуге жол ашады. Сондықтан бұл белдесу турнирдің ең тартысты әрі көпшілік күткен қарсыластықтарының бірі саналады.
Айта кетейік, рейтингтік турнир 15-19 шілде аралығында өтіп жатыр. Белдесуде жеңіске жеткен балуан жарысты жалғастырса, жеңілген спортшы қарсыласы финалға шыққан жағдайда жұбаныш белдесулері арқылы қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алады.
Фото: ҰОК
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған