Демеу Жадыраев әлем чемпионатының ширек финалына өтті

Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Демеу Жадыраев 1/8 финалда серб балуаны Алекса Иличті ұтып, ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Белдесу тартысты өрбіді. Әуелде қарсыласы алға шыққанымен, Жадыраев тәжірибесінің арқасында шешуші сәтте Иличтің қателігін ұтымды пайдаланып, бірден 4 ұпай еншіледі. Нәтижесінде есеп 8:6 болып, қазақстандық спортшының пайдасына шешілді.
Өкінішке қарай, өзге балуандарымыз сәтсіздікке ұшырады.
Марлан Мұқашев (-55 кг) әлемдік рейтингтің 4-орнында тұрған румыниялық Артём Делянудан ұтылды.
Альмир Төлебаев (-82 кг) молдовалық Михаил Брадудан айласын асыра алмады.
Аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов украиналық тәжірибелі балуан Николай Кучмииден жеңілді.
Жадыраевтың ширек финалдағы белдесуі бүгін кешке өтеді. Бұл кездесу Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды, себебі ол жүлдеге жақындататын шешуші кезең болмақ.
Фото: СДД

Ең көп оқылған
