457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Данияр Қайсанов: 2026 жылғы Азия ойындарында әр салмақта бәсеке жоғары болады

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы халықаралық рейтингтік жарыстардан кейін жылдың басты додасы – 2026 жылғы Азия ойындарына дайындықты бастады, деп хабарлайды malimsports.kz.

Ұлттық құраманың бас бапкері Данияр Қайсанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында балуандардың қазіргі жағдайы мен дайындығы туралы айтып, алдағы оқу-жаттығу жиындарының жоспарына тоқталды.

- Бұған дейін өткен халықаралық жарыстардағы балуандардың нәтижесін қалай бағалайсыз? Қазір ұлттық құраманың деңгейі қандай?

- Бұған дейінгі халықаралық рейтингтік жарыстарда балуандарымыз жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен, Моңғолияда өткен турнирде жеті медаль жеңіп алдық. Бұл – біз үшін өте жақсы көрсеткіш. Себебі рейтингтік жарыстарда бәсеке жоғары, оған әлемнің үздік балуандары қатысады.

Ал Будапештте өткен турнирге ұлттық құраманың бірқатар көшбасшысы жарақатына байланысты қатыса алмады. Соған қарамастан, қалған спортшыларымыз өздерін жақсы қырынан көрсете білді.

- Ішкі бәсекенің деңгейі қаншалықты өсті?

- Бізде төменгі салмақтарда ішкі бәсекенің деңгейі өте жақсы. Әсіресе 61 келі және 65 келі салмақтарда мықты балуандар көп. Ал жоғары салмақтарда, өкінішке қарай бәсеке аз.

- 2026 жылғы Азия ойындарына дайындық басталды ма? Алдағы оқу-жаттығу жиындары қайда өтеді?

- Иә, Азия ойындарына дайындықты бастап кеттік. Жалпы дайындық үш кезеңнен тұрады. Қазір алғашқы кезең аясында Түркияның Анкара қаласында жергілікті спортшылармен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз.

Жиын 21 тамызға дейін жалғасады. Ал келесі оқу-жаттығу жиынымыз 26 тамызда Шымкент қаласында басталады.

- Қазіргі таңда ұлттық құраманың деңгейін қалай бағалайсыз?

- Қазір ұлттық құраманың деңгейі жаман емес. Дегенмен балуандардың арасында жарақатына байланысты жаттығуға толыққанды қатыса алмай жүргендер де бар. Мәселен, Ризабек Айтмұхан жарақатына байланысты қазіргі оқу-жаттығу жиынына қатыса алмады.

Бірақ әлі алда уақыт бар. Ризабек Шымкентте өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысады.

- Азия елдеріндегі еркін күрестің қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз?

- Азия құрлығында күрес қарқынды дамып келеді. Сондықтан кез келген салмақта бәсеке жоғары болады. Соған қарамастан құрамамызда халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған мықты спортшылар бар. Сонымен қатар үміт күттіретін жас балуандар да жетерлік.

- Азия ойындарының алдында соңғы дайындық кезеңі қайда өтеді?

- Азия ойындарының алдында соңғы оқу-жаттығу жиынын Кореяда өткізу жоспарымызда бар. Оған Өзбекстан, Корея және Бахрейн құрамаларының балуандары қатысады. Бұл жиын біз үшін өте маңызды. Себебі Жапонияда өтетін Азия ойындарына дейін ауа райына бейімделіп, жарыс өтетін өңірдегі жағдайға үйренуіміз керек.

 

Фото: ҰОК

Ең көп оқылған