Түркістан қаласында қазақ күресінің дамуына серпін беретін маңызды жиын – Qazaq Kuresi Ассоциациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Азия чемпионаты аясында ұйымдастырылған басқосу ұлттық спорттың стратегиялық бағытын айқындап, халықаралық деңгейдегі жаңа бастамалардың негізін қалаған тарихи іс-шара болды.
Отырысты ашқан Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов Qazaq Kuresi Ассоциациясының атқарған жұмыстарына тоқталып, соңғы жылдары төл күресіміздің халықаралық деңгейде танымал бола түскенін атап өтті. Дамир Әсенғазыұлының айтуынша, Ассоциацияның бастамасымен 11 Әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа және 2 Африка чемпионаты сәтті ұйымдастырылған. Сонымен қатар төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған бірыңғай аттестациялау мен біліктілікті арттыру жүйесі енгізілді.
Жиынның басты жаңалығы – Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясының құрылуы болды. Жаңа құрылымның басты мақсаты – Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерациялардың жұмысын үйлестіру, бірыңғай жарыс күнтізбесін бекіту және спортшылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз ету. Жаңадан құрылған Азиалық Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті болып Хариш Тияги (Үндістан), ал бас хатшысы Парвин Тияги (Үндістан) сайланды.
Айта кетейік, Қазақ күресінен Түркістанда өтіп жатқан ересектер арасындағы Азия чемпионатына 12 елден келген 150-ге жуық спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде.
Фото: Қазақ күресі федерациясы