«Алтын алады». Ризабек Айтмұхан әлем чемпионатының басты фаворитіне айналды

Биылғы күрес түрлерінен әлем чемпионаты 13 қыркүйекте Хорватияның Загреб қаласында басталады. Жылдың ең басты спорттық оқиғаларының бірі саналатын додада әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мықты балуандар боз кілемде бақ сынамақ, деп хабарлайды malimsports.kz.
Еркін күрестегі ең тартысты бәсеке 97 келіге дейінгі салмақта өтеді деп күтілуде. Бұл санатта Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері қатар өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Париж Олимпиадасының жеңімпазы Ахмед Тажудинов (Бахрейн), Рио-2016 чемпионы Кайл Снайдер (АҚШ), Париж Олимпиадасының финалисі Гиви Мачарашвили (Грузия) кілемге шығады. Сондай-ақ, Әзірбайжан балуаны Магомедхан Магомедов пен ирандық Амирали Азарпира да өз бақтарын сынамақ. Айта кетерлігі, екеуі де өткен жылы әлем біріншілігінде қола медальға қол жеткізген. Ал ресми тізімде «орыс танкісі» атанған Абдулрашид Садулаевтың есімі де бар.
Әлемдік күрес сарапшылары ерекше назарды қазақстандық спортшыға аударып отыр. 2023 жылы 92 келі салмақта әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан жаңа салмақтағы басты фавориттердің қатарында саналады. Сарапшылардың пікірінше, ол Загреб төрінде «алтынға» қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар балуан.
Фото: Ашық дереккөзден

Ең көп оқылған
