Хорватия астанасы Загребте әйелдер күресінен әлем чемпионатының кезекті жарыс күні өтіп жатыр. Бүгін бозкілемге Қазақстан құрамасынан бес балуан шықты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Тәжірибелі спортшымыз, әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Жәмилә Бақбергенова 1/8 финалда қырғыз балуаны Нұрзат Нұртаеваға жол берді. Тартысты белдесу 3:3 есебімен аяқталды, алайда ұпай сапасы бойынша қарсыласы жеңімпаз деп танылды.
Өкінішке қарай, Зейнеп Баянова (-53 кг) іріктеуде Се Ён Пактан (Оңтүстік Корея), Тыныс Дүбек (-62 кг) Алиса Новосадтан (Польша) және Бейбіт Сейдуалы (-68 кг) Хёнен Пактан (Оңтүстік Корея) айласын асыра алмады. Сондай-ақ бүгін Светлана Анкичева (-50 кг) жұбаныш белдесуінде Елизавета Смирноваға (UWW) жол берді.
Енді осы қарсыластар кешке финалға шықса, Ұлттық құрама спортшылары ертең жұбаныш кезеңінде күш сынасады.
Фото: ДРС