Қазақстан құрамасы көркем гимнастикадан әлем чемпионатындағы жарысты аяқтады
Қазақстан ұлттық құрамасы Германияның Франкфурт-на-Майн қаласында өткен көркем гимнастикадан әлем чемпионатындағы өнерін қорытындылады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар жекелей бағдарламада да, топтық жаттығуларда да бақ сынады.
Қазақстан құрамасы сапындағы ең жоғары нәтижені Ақмарал Ерекешева көрсетті. Ол әлем чемпионатында үш финалға жолдама алып, ұршықтармен орындалатын жаттығуда бесінші, жекелей көпсайыста алтыншы және таспамен орындалатын жаттығуда сегізінші орынға ие болды.
Айбота Ертайқызы жекелей көпсайыста 24-орынға тұрақтады. Сондай-ақ шығыршықпен орындалатын жаттығуда үздік ондыққа еніп, жарысты 10-орынмен аяқтады. Бұдан бөлек, ұршықпен – 15, доппен – 33 және таспамен орындалатын жаттығуда 32-нәтиже көрсетті.
Топтық жаттығуларда Айзере Кеңес, Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Аида Хәкімжанова өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы көпсайыста 13-орын, бес доп жаттығуында 13-орын, ал үш шеңбер және екі жұп ұршық бағдарламасында 12-орын иеленді.
Командалық көпсайыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11-орынға тұрақтап, үздік ондыққа бір саты жетпей қалды.
Фото: ҰОК
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған