457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты: екінші күннің жеңімпаздары анықталды

Астанада өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында екінші жарыс күнінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Бұл күні спортшылар 100 және 110 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 200 метр, 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, биіктікке және сырықпен секіру, үш қарғып секіру, диск лақтыру, сондай-ақ аралас 4×100 және 4×400 метрлік эстафеталарда бақ сынады.

Әйелдер арасында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Юлия Башманова, ал ерлер арасында 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қарағанды облысының өкілі Давид Ефремов чемпион атанды.

200 метрге жүгіруде әйелдер арасында астаналық Виктория Ан, ерлер арасында қарағандылық Виталий Земс жеңіске жетті.

3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде әйелдер арасында Ақбілек Құралбай (Шымкент), ал ерлер арасында Ислам Аманғос (Алматы) алтын медаль жеңіп алды.

Секіру сайыстарында биіктікке секіруден шымкенттік Анатолий Люцько, сырықпен секіруден алматылық Максим Балабин топ жарды. Үш қарғып секіруден әйелдер арасында Мария Ефремова (Қарағанды облысы), ерлер арасында Максим Ваняйкин (Солтүстік Қазақстан облысы) үздік нәтиже көрсетті.

Диск лақтырудан әйелдер арасында Томирис Ерматова (Шымкент), ерлер арасында Евгений Лабутов (Маңғыстау облысы) ел чемпионы атанды.

Ал 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қарағанды облысының спортшылары Аделина Земс пен Вячеслав Земс алтын медаль жеңіп алды.

Эстафеталық жарыстарда аралас 4×100 метрде Алматы қаласының құрамасы, ал аралас 4×400 метрде Павлодар облысының командасы чемпион атанды.

Бүгін Қазақстан чемпионатының соңғы жарыс күні өтеді. Спортшылар 5000 метрге жүгіру, 800 метрге жүгіру, балға лақтыру, 4×400 метрлік эстафета және әйелдер арасындағы жетісайыс бойынша жүлделерді сарапқа салады.

Айта кетейік, ел чемпионатының негізгі сайыстары Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында, ал лақтыру бағдарламасы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылып жатыр. Осы біріншіліктің қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады.

 

Фото: СДД