Отандық жеңіл атлеттерді украиналық маман жаттықтыратын болды
Бүгін Астанада Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының ресми жиыны өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова, Бас хатшы Келбет Нұрғазина мен бапкерлер, төрешілер және ұлттық құрама спортшылары қатысқан басқосуда бірқатар маңызды шешім қабылданды.
Атап айтар болсақ, жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа кеңесші-бапкер тағайындалды. Енді отандық жеңіл атлеттерді украиналық маман Александр Апайчев жаттықтырады. Ол ұлттық құраманың бас бапкері міндетін де қоса атқарады.
Александр Апайчев 1961 жылы 6 мамырда Украинада дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы жеңіл атлетикадан КСРО командасының намысын қорғады. Бапкер ретінде Украина мен Катар құрамаларын жаттықтырып, Олимпиада, әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған.
Жиын барысында Александр Апайчев Қазақстан құрамасының алдағы жаттығу жоспарын таныстырды. Басты мақсат – 2026 жылы өтетін жазғы Азия ойындары мен 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасына тыңғылықты дайындалу.
Қазіргі таңда жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы жаңа бапкердің жетекшілігімен Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Фото: Александр Апайчевтің жеке мұрағатынан
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған