457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Жәнібек Кішкенбаев: Әлем чемпионатындағы нәтиже – үлкен еңбектің жемісі

Жуырда Колумбияның Кали қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы бір алтын және бір қола медаль жеңіп алып, табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды malimsports.kz.

Жарыстан кейін жасөспірімдер және жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Жәнібек Кішкенбаев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында әлем чемпионатының қорытындысын шығарып, алдағы мақсат пен міндеттер жайында айтты.

Әлем чемпионатында ел намысын үш спортшы қорғады. Олардың екеуі жүлдегер атанды. 88 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұржан Жұмабай қоссайыс нәтижесінде 348 келіні (155+193) еңсеріп, алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар ол серпе көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын жаңартты.

Ал 79 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Ернұр Мырзахмет қоссайыс қорытындысында 304 келіні (142+162) көтеріп, қола жүлдеге ие болды.

Жасөспірімдер және жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Жәнібек Кішкенбаев спортшылардың өнеріне баға берді.

Әлем чемпионатына қатысқан спортшылардың өнеріне жоғары баға беремін. Қыздар арасында Нұрсыйла Берікбол 58 келіде төртінші орын алды. Қола медаль алуға мүмкіндігі болды, бірақ әлі жас болғандықтан тәжірибесі аздау. Соған қарамастан болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылардың бірі. Ернұр Мырзахмет 79 келіде жұлқа көтеруде күміс медаль иеленіп, қоссайыс бойынша үшінші орынға тұрақтады. Бұл да – жақсы нәтиже. Ал Нұржан Жұмабай бұған дейін 79 келіде шығып жүрген еді. Бұл додада 88 келі салмақта бақ сынап, өте жақсы өнер көрсетті. Болашақта бұл жігітке үлкен үміт артамыз, - деді аға жаттықтырушы.

Маманның айтуынша, әлем чемпионатынан тыс қалған құраманың өзге мүшелері елімізде өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында күш сынасқан. Ал басты назар тамыз айында Ташкентте (Өзбекстан) өтетін жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына ауып отыр.

Жастар және жасөспірімдер құрамасы әлем біріншілігімен бір уақытта өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан чемпионатына қатысты. Сонымен қатар 7-14 тамыз аралығында Ташкентте (Өзбекстан) өтетін жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына дайындалып жатыр. Ташкенттегі сары құрлық біріншілігінде Қазақстан толық құраммен өнер көрсетеді. Олардың қатарында әлем чемпионатына қатысқан спортшылар да бар. Қазір оқу-жаттығу жиындары Астана қаласында өтіп жатыр, - деді маман.

Одан бөлек Жәнібек Кішкенбаев Азия чемпионатында жүлдеге үміткер спортшылардың есімін атап, басты міндеттер туралы айтты.

Өткен жылы Астанада өткен Азия чемпионатында жалпы командалық есепте бірінші орын алған едік. Биыл да сол биіктен көрінуге тырысамыз. Жүлдеге қол жеткізе алар спортшылар жеткілікті. Жасөспірімдер арасында Нұржан Жұмабай, Бейбарыс Ерсейіт, Ксения Прозороваға сенім артамыз. Ал жастар құрамасында Ақжол Құрманбек, Әлихан Әскербай, Аянат Жұмағали мен Айғаным Жанболат алтын медаль үшін таласуға қауқарлы, – деп түйіндеді аға жаттықтырушы.

Фото: ҰОК