457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстандық ауыр атлеттер Азияның 11 және әлемнің 5 рекордын жаңартты

Өзбекстанның Ташкент қаласында 7-14 тамыз аралығында жасөспірімдер мен жастар арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды malimsports.kz.

Қазақстан құрамасы жарысқа 28 спортшымен қатысып, құрлық біріншілігін жоғары нәтижемен аяқтады.

Чемпионат қорытындысы бойынша қазақстандық ауыр атлеттер жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс бойынша жалпы 59 медаль жеңіп алды. Оның 19-ы – алтын медаль. Сонымен қатар ұлттық құрама спортшылары Азияның 11 және әлемнің 5 рекордын жаңартты.

Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 17 жасқа дейінгі қыздар және 20 жасқа дейінгі жастар арасында бірінші орынға ие болды.

Құрама сапындағы ең жарқын нәтижелердің бірін Снежана Қашкарова көрсетті. Ол 57 келіге дейінгі салмақта 17 жасқа дейінгі қыздар арасында үш алтын медаль жеңіп алды. Ал 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы бәсекеде екі алтын, бір күміс медаль иеленіп, Азияның үш және әлемнің үш рекордын жаңартты. Сондай-ақ «Азияның үздік спортшысы» атанды.

Аянат Жұмағали 77 келіге дейінгі салмақта 20 жасқа дейінгі жастар арасында үш алтын медаль жеңіп алды. Нұржан Жұмабай 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында екі алтын, бір күміс медаль иеленіп, Азияның үш рекордын жаңартты. Ол жастар арасындағы жарыста тағы бір қола медаль еншіледі.

Ақжол Құрманбек 85 келіге дейінгі салмақта жастар арасында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, Азияның екі рекордын жаңартты.

Ксения Прозорова 61 келіге дейінгі салмақта 17 жасқа дейінгі қыздар арасында екі алтын, бір күміс медальға қол жеткізіп, Азияның екі және әлемнің екі рекордын жаңартты.

Бейбарыс Ерсейт 65 келіге дейінгі салмақта 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, Азия рекордын жаңартты.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасының қоржынына Асанхан Төрехан, Әскербай Әлихан, София Шешукова, Берікбол Нұрсыйла, Маргарита Ермакова, Кира Данилова, Ерасыл Сәулебеков, Нұрасыл Арапбай, Ерсұлтан Тұрсынбеков, Рамазан Омар және Айғаным Жанболат та жүлде салды.

Ташкентте Азия чемпионатымен қатар Орталық Азия чемпионаты да өтті. Бұл жарыста Инсана Рашидова алтын, Виктория Мурашкина күміс, ал Мұхаммедәлі Қойшыбек пен Рамазан Омар қола медаль жеңіп алды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын 59 медальмен аяқтап, бірнеше жас санатында командалық есепте топ жарды және құрлық пен әлемнің бірқатар рекордын жаңартты.

 

Фото: Ауыр атлетика

Ең көп оқылған