Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан әлем чемпионатына қатысады

2 қарашада Норвегияның Ферде қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыстың басты ерекшелігі – жаңа салмақ дәрежелерінің енгізілуі, бұл өзгеріс әр салмақтағы бәсекелестікті айтарлықтай өзгертті. Қазақстан бұл жолы жарысқа шағын құраммен аттанып отыр. Ел намысын төрт ауыр атлет қорғайды:
79 келіге дейін: Едіге Емберді, Петр Хребтов
88 келіге дейін: Әлібек Рахымберді
110 келіге дейін: Сұлтан Мейрам
Бапкерлер штабы бұл шешімді басқа халықаралық жарыстарға басымдық беруімен түсіндіріп отыр. Солардың бірі – 17–21 қараша аралығында Эр-Риядта өтетін Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Құрамадағы басты үміт – Едіге Емберді. Ол жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы. Бұл – оның ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Сарапшылар Ембердіні жүлдеге басты үміткерлердің бірі ретінде атап отыр.
Қалған үш спортшы В және С топтарында бақ сынайды. Олар үшін жүлде үшін талас қиынға соғуы мүмкін, себебі негізгі қарсыластар арасында Олимпиада және әлем чемпионаты жеңімпаздары бар.
Айта кетейік, бірқатар көшбасшы елдер (Қытай, т.б.) бұл жарысқа қатыспайды. Сондықтан биылғы әлем чемпионатында жас және екінші құрамдағы спортшыларға мүмкіндік көп.


Ең көп оқылған
