457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты аяқталды

Биылғы чемпионатқа 36 төреші қатысқан, оның 28-і - халықаралық санаттағы мамандар.

Астанада өткен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарысты ұйымдастыру мен төрешілік жұмысы жоғары деңгейде өтті. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы, Азия чемпионы және халықаралық дәрежедегі төреші Мадина Астамирова турнир барысында атқарылған жұмыстар мен допингке қарсы бақылау жайында кеңінен айтып берді, деп жазады malimsports.kz

Федерация өкілінің айтуынша, төрешілікті дамыту - ұйымның басым бағыттарының бірі. Биылғы чемпионатқа 36 төреші қатысқан, оның 28-і - халықаралық санаттағы мамандар.

«Қазақстан чемпионатында 36 төреші қызмет атқарды, олардың 28-і халықаралық санатқа ие. Төрешілер алқасын бас төреші Руслан Сергеев басқарды, ол ешбір аймаққа қатысы жоқ тәжірибелі маман және шешімнің әділ қабылдануын қамтамасыз етеді», — деді Астамирова.

Ол ауыр атлетикада даулы жағдайлар сирек кездесетінін атап өтті. Спортшылардың техникалық қателіктері ғана негізгі себеп болуы мүмкін.

«Негізгі мәселелер көбіне техникаға байланысты туындайды: шынтақты толық жазбау немесе спорттық киім талаптарын бұзу. Егер пікір қайшылығы болса, соңғы шешімді бас төреші қабылдайды», - деді ол.

Эмоциялық қимылдарға тыйым жоқ, бірақ қауіпсіздік бірінші орында

Спортшылардың сәтті көтерістен кейінгі қуанышты қимылдары жиі талқыланады. Мадина Астамирова бұл мәселеге де түсінік берді.

Оның айтуынша, эмоциялық әрекеттерге ереже бойынша шектеу қойылмайды.

«Төреші тек қауіпсіздік тұрғысынан ескерту жасай алады. Штанганы көтеріп тұрған сәтте ғана спортшы ештеңеге алаңдамауы тиіс», - деді федерация өкілі.

Федерация соңғы жылдары допингке қарсы саясатты түбегейлі күшейткен. Соның нәтижесінде оң нәтиже берген сынамалар айтарлықтай қысқарған.

«Оң нәтиже көрсеткен сынамалар саны шамамен 95 пайызға қысқарды. Бұл — Қазақстанның допингке қарсы орталығымен бірге жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі», - деді Астамирова.

Оның айтуынша, тексерудің жиілігі де бұрынғыдан әлдеқайда жоғарылаған.

«Біз бір жылдағы тексеру көлемін 500 сынамаға дейін арттырдық. Ешбір спорт түрінде спортшылар мұншалықты жиі тексерілмейді. 2024 жылы бес оң нәтиже тіркелді — көбіне диуретиктер мен медициналық препараттар», - деді ол.

Федерация тәртіптік жауапкершілікті де күшейтіп отырғанын айтты.

«Жаттықтырушы немесе спортшы тарапынан кез келген ереже бұзу фактісі болса, міндетті түрде санкция қолданылады. Біздің мақсат - заң бұзу тәуекелін толық жою және таза спортты қамтамасыз ету», - деді Мадина Астамирова.

Фото: ҰОК