Үндістанның Ахмедабад қаласында өтіп жатқан волейболдан ерлер арасындағы Азия кубогында Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы матчын жеңіспен түйіндеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Сергей Трикоз баптайтын ұлттық құрама А тобының қорытынды кездесуінде Жаңа Зеландия құрамасымен кездесіп, 3:1 есебімен басым түсті.
Қазақстандық волейболшылар алғашқы екі партияда 25:21 және 25:19 есебімен жеңіске жетті. Үшінші сетте қарсыластар 25:22 есебімен басым болғанымен, төртінші партияда отандастарымыз дәл сондай есеппен жеңіске жетіп, матчқа нүкте қойды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы А тобында 8 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Енді ұлттық құрама турнирде бесінші орын үшін күресті жалғастырады.
Айта кетейік, А тобынан Үндістан мен Бахрейн құрамалары жартылай финалға жолдама алды.
Фото: ҚВФ