Жібек Құламбаева жұптық сында финалға, жекелей сында жартылай финалға шықты
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Үндістанның Нагпур қаласында өтіп жатқан ITF W15 сериясындағы турнирде сәтті өнер көрсетуін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кезекті ойын күнінің қорытындысы бойынша Жібек жұптық сында шешуші матчқа жолдама алса, жекелей сында үздік төрттіктің қатарына қосылды.
Турнирдің ширек финалындағы бәсеке отандасымыз үшін үлкен сынақ болды. Жібекке (№419 WTA) жекелей сында өзінің жұптық бәсекедегі серіктесі Екатерина Яшина (№666 WTA) қарсы келді. Ортақ мақсаты бір спортшылардың өзара текетіресінде Құламбаева жоғары жинақылық танытып, екі сет қорытындысы бойынша сенімді жеңіске жетті - 6:3, 6:4. Енді жекелей сында финалға шығу үшін Жібек жергілікті теннисші Зеел Десаимен (№583 WTA) күш сынасады.
Өзара кездесуден кейін көп ұзамай Құламбаева мен Яшина кортқа қайта шығып, бұл жолы тордың бір жағында тізе қосты. Жұптық сынның жартылай финалында қазақстандық-ресейлік дуэт Үндістан өкілдері С. Садық пен М. Шавант тандемін қапы қалдырды.
Бірінші сет өте тартысты өтіп, тек тай-брейкте ғана шешілді. Мұнда Жібек пен Екатерина салқынқандылық таныта білді. Ал екінші партияда фавориттер ойын тізгінін толық бақылауда ұстады. Қорытынды есеп – 7:6 (4), 6:3.
Фото: ҚТФ
Ең көп оқылған