Қазақстандық теннисші Зарина Дияс командалық әлем чемпионатындағы АҚШ құрамасына қарсы өтетін ойын алдында өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды malimsports.kz.
«Екі жарым жыл бойы жарақатыма байланысты жарыстарға қатысқан жоқпын. Тіпті қайта ойнамаймын деп те ойлаған сәттерім болды. Сол себепті өткен жылдың қарашасында ұлттық құрама сапына қайта оралып, өнер көрсеткенім мен үшін ерекше қуаныш болды. Бұл – мен үшін үлкен құрмет әрі ұмытылмас сезім», – деді спортшы.
Зарина қазір Қытайда үш аптадан бері жүр. Ол алдымен турнирге қатысып, кейіннен Гуанчжоу академиясында жаттығу өткізген. Оның айтуынша, бұл дайындық оған турнирге сенімді кіруге көмектескен.
«Бейімделу процесі жақсы өтті. Бұған дейін де осында ойнағанмын. Ертерек келіп, академияда жаттыққанымның пайдасы зор болды», – деп атап өтті Дияс.
Алдағы матчтарға дайындық қызу жүріп жатыр. Заринаның айтуынша, құрамадағы атмосфера өте жақсы, қыздардың бәрі жеңіске жігерлі.
«Жаттығулар өте жоғары деңгейде өтуде. Барлығы дайын. Бізді қиын ойындар күтіп тұр, бірақ команда жақсы нәтиже көрсетуге ниетті», – деді ол.
Фото: ҚТФ