Заңғар Нұрланұлы жартылай финалда сүрінді
Қазақстандық жас теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирінің жартылай финалында жарыс жолынан шығып қалды.
1/2 финалдық кездесуде отандасымыз АҚШ өкілі Китон Ханспен кортқа шықты. Матч барысында америкалық теннисші басымдық танытып, ойын 6:3, 6:2 есебімен аяқталды. Осылайша, Заңғар Нұрланұлы турнирдің финалына шыға алмады.
Дегенмен қазақстандық спортшы бұл жарыста сәтті өнер көрсетті. Ол өз мансабында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жасөспірімдер арасындағы жартылай финалына дейін жетіп, жоғары нәтиже тіркеді. Әлемдік жасөспірімдер рейтингінде 12-орында тұрған Заңғар турнирге 8-ракетка ретінде қатысқан болатын.
Айта кетейік, ширек финалда Нұрланұлы Гонконг өкілі Кай Томпсонды үш сетке созылған тартысты матчта жеңген еді. Алғашқы партияда қарсыласы 6:3 есебімен басым түскенмен, екінші сетте қазақстандық теннисші тай-брейкте жеңіске жетті – 7:6 (7:4). Үшінші сетте жарақат алғанына қарамастан, Заңғар соңына дейін күресіп, 6:4 есебімен жеңісті жұлып алды.
Сонымен қатар, қазақстандық теннисші Анна Данилина серіктесі Александра Круничпен бірге жұптық сында Australian Open финалына дейін жетті. Алайда шешуші ойында олар Элизе Мертенс пен Чжан Шуай дуэтіне 6:7, 4:6 есебімен жол берді.
Қоса кетсек, Заңғар Нұрланұлы бұған дейін де халықаралық аренада сенімді нәтижелер көрсеткен. Өткен жылы ол жасөспірімдер арасында қазақстандық теннисшілердің ішінде алғаш болып US Open турнирінің жартылай финалына дейін жеткен еді.
Фото: Australian Open-2026. Фото: IG/itftennis©
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған