17 жастағы теннисші Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
ITF Juniors рейтингінде 54-орында тұрған Заңғар ширек финалда жарыстың 13-ракеткасы, ресейлік 18 жастағы Тимофей Дерепаскомен күш сынасты.
Бірінші партияда есеп 1:1 болған тұста қазақстандық брейк жасап, артынша тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:2.
Екінші сетте Нұрланұлы брейкпен бастаса да, сол артықшылығын ұстап тұра алмады – 1:1. Алайда есеп 3:3 болғанда тағы да брейк жасап, өз геймін сенімді түрде алды – 5:3. Содан кейін матчты жеңіспен аяқтады – 6:4.
Енді Заңғар финалға шығу үшін жасөспірімдер арасындағы әлемнің бірінші ракеткасы, болгариялық Иван Ивановпен кездеседі. Осылайша, Нұрланұлы жасөспірімдер арасында қазақстандық теннисшілер тарихында тұңғыш рет мұндай жетістікке қол жеткізді.