Юлия Путинцева Румыниядағы WTA турнирін жеңіспен бастады
Қазақстанның екінші ракеткасы, әлемнің 82-нөмірлі теннисшісі Юлия Путинцева Румынияның Яссы қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің 1/8 финалына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Турнирдің тоғызыншы ракеткасы ретінде тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемдік рейтингте 111-орында тұрған америкалық Клэр Льюді жеңді.
Бірінші сет аса тартысты өтті. Путинцева сегізінші сетболын ғана сәтті пайдаланып, партияны 7:5 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Екінші сетте қазақстандық спортшы бірден бастаманы қолға алып, 2:0 есебімен алға шықты. Кейін басымдығын арттырып, есепті 5:1-ге жеткізді. Матчқа доп берген сәтте мүмкіндігін тиімді пайдаланып, кездесуді 6:2 есебімен қорытындылады.
Екі сағат 7 минутқа созылған матч барысында Юлия Путинцева бір эйс жасап, 21 брейк-пойнттың жетеуін сәтті жүзеге асырды. Ал Клэр Лью сегіз мүмкіндіктің төртеуінде брейк жасай алды.
Енді ширек финалға шығу үшін Путинцева әлемнің 118-ракеткасы, Армения атынан өнер көрсететін Алина Чараевамен кездеседі.
Айта кетейік, Юлия Путинцева өткен жылы Яссыдағы бұл турнирге қатыспаған. Сондықтан биыл сәтті өнер көрсеткен жағдайда WTA рейтингіндегі ұпай қорын толықтыруға мүмкіндік алады.
Фото: ҚТФ
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған