Тоқаев Елена Рыбакинаны «Барыс» орденімен марапаттады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эр-Риядта өткен WTA маусымдық қорытынды турнирінде жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны шын жүректен құттықтап, оған мемлекеттік награда – «Барыс» орденінің III дәрежесін тапсыру туралы жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысының құттықтауында былай делінген:
«Сіз теннистен жыл қорытындысы саналатын беделді жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, асқан ерік-жігердің арқасында жеңіске жеттіңіз.Бұл спорттық жетістігіңізге және елімізде теннисті дамыту мен оны насихаттауға қосқан зор үлесіңізге орай Сізді «Барыс» орденінің III дәрежесімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым.Сізге амандық, мықты денсаулық және Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы жаңа спорттық табыстар тілеймін!» - делінген Президенттің құттықтауында.
Айта кетейік, Эр-Риядта өткен WTA Finals 2025 турнирінің финалында әлемнің алтыншы ракеткасы Елена Рыбакина әлемнің бірінші нөмірлі теннисшісі Арина Соболенконы 6:3, 7:6 есебімен жеңіп, өз мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді.
Бұл жеңіспен Рыбакина WTA Finals турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанды. Сондай-ақ ол турнир барысында барлық қарсыласын жеңіп, 1500 рейтингілік ұпай және 5,235 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы иеленді.
Фото: Ақорда
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған