Соня Жиенбаева Ирландиядағы ITF W50 турнирінің жартылай финалына шықты
Қазақстандық теннисші Соня Жиенбаева Ирландияның Дублин қаласында өтіп жатқан ITF W50 турнирінің жұптық сынында жартылай финалға жолдама алды, деп жазады malimsports.kz.
Қазақпараттың жазуынша, 20 жастағы қазақстандық спортшы нидерландылық Стефани Виссхермен бірге жарыстың төртінші нөмірлі жұбы ретінде тіркелген. Олар алғашқы айналымда нидерландылық Коко Босман мен германиялық Анн Акаша Чеуканы 3:6, 6:2, 10:6 есебімен жеңіп, камбэк жасады.
Ширек финалда қазақстандық-нидерландылық жұп Ұлыбритания өкілдері Джоди Беррейдж бен франциялық Сиротт Астридке қарсы ойнады. Бұл кездесуде де Жиенбаева мен Виссхер алғашқы сетте есе жібергенімен, матч тағдырын өз пайдасына шешіп, 4:6, 6:4, 10:6 есебімен жеңіске жетті. Тартысты матч 1 сағат 37 минутқа созылды.
Енді Соня Жиенбаева мен Стефани Виссхер финал жолдамасы үшін турнирдің екінші нөмірлі жұбы – Ұлыбританияның Элла Макдональд пен Амелия Раецкиге қарсы кортқа шығады.
Жүлде қоры 40 мың АҚШ долларын құрайтын Дублиндегі ITF W50 турнирі 2 тамызда аяқталады.
Айта кетейік, Соня Жиенбаева жекелей сындағы бәсекені алғашқы айналымда аяқтады. Ол әлемдік рейтингте 225-орында тұрған, турнирдің екінші ракеткасы Алисия Дадниге (Ұлыбритания) 5:7, 6:3, 4:6 есебімен жол берді.
Фото: ҰОК
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған