457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Шавкат Рахмонов жарақатына байланысты мәлімдеме жасады

Алдын ала мәлімет бойынша, спортшының толық қалпына келуі үшін кемінде 9 ай қажет.

UFC-дің жартылай орта салмақтағы қазақстандық өкілі Шавкат Рахмонов жарақатына байланысты тағы бір операция жасатқанын мәлімдеп, октагонға оралуы кейінге шегерілгенін хабарлады. Бұл туралы спортшы X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Жауынгердің жолы ешқашан жеңіл болмайды. Өмір бізге еңсере алмайтын сынақ бермейді. Әр арманның өз бағасы бар, кейде оның құны денсаулық та болуы мүмкін. Шындықты жасырмай айтайын: жарақатыма байланысты тағы бір операция жасатуға тура келді. Енді толық қалпыма келу үшін уақыт қажет. Тиісінше, октагонға оралуым тағы да кейінге шегерілді», – деді Рахмонов.

Спортшы бұл жаңалықтың өзі үшін ауыр болғанын атап өтті. Дегенмен, әрбір шегіну үлкен жолдың бір бөлігі екеніне сенетінін жеткізді.

«Әрине, мұны қабылдаудың өзі қиын. Алайда әрбір сәтсіздік үлкен жоспардың бір бөлігі екеніне шын жүректен сенемін. Бұрынғыдан да мықты, ақылды болып ораламын, жеңіске деген аштығым да арта түседі. Мақсатым өзгерген жоқ – UFC белдігін Қазақстанға әкелуім керек. Қандай жағдай болса да жанымнан табылып жүрген баршаңызға рақмет. Бұл жолдың соңы емес, тек маңызды бір кезеңі ғана», – деп қосты ол.

Айта кетейік, бұған дейін танымал журналист Ариэль Хельвани Рахмоновтың менеджері Дэнни Рубинштейнмен тілдескенін, қазақстандық файтердің тағы да жарақат алып, шамамен 9-10 айға октагоннан тыс қалуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Жанкүйерлер бұл жағдайды Алматыда өткен Naiza 80 турнирінде «Номадтың» балдақпен жүргенінен кейін байқады.

Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізген. Алдын ала мәлімет бойынша, спортшының толық қалпына келуі үшін кемінде 9 ай қажет.

Фото: instagram.com/shavkatrahkmonov94