457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Шавкат Рахмонов балдақпен жүр

Кейін оған операция жасалғаны белгілі болды.

Шавкат Рахмонов Алматыда өткен Naiza 80 MMA турниріне арнайы қонақ ретінде қатысты. Алайда кеш барысында UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде екінші орында тұрған қазақстандық файтердің балдақпен жүргені көпшіліктің назарын аударды.

Айта кетейік, «Номад» лақап атымен танымал спортшы былтыр жарақатын толық емдеп, қалпына келу үшін октагонға шықпаған болатын. Кейін оған операция жасалғаны белгілі болды. Соған қарамастан, Рахмонов әлеуметтік желілерде жаттығу процесінен үзінділер жариялап, формасына қайта оралып жатқанын аңғартқан еді.

Бұған дейін қараша айының соңында белгілі журналист Ариэль Хельваниге берген сұхбатында Шавкат ақпанның соңы немесе наурыздың басында жекпе-жекке қайта оралуды жоспарлап отырғанын айтқан. Алайда Алматыда тараған кадрлар бұл мерзімнің кейінге шегерілуі мүмкін екенін меңзейтіндей. Қазіргі таңда спортшының нақты неліктен балдақпен жүргені жөнінде ресми ақпарат жоқ.

Естеріңізде болса, Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың соңында UFC 310 турнирінде өткізді. АҚШ-тың Невада штатындағы Парадайс қаласында өткен бәсекеде ол ирландиялық Иэн Гарримен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жеткен болатын.

2025 жыл бойы Шавкат Рахмонов октагоннан тыс қалды. Ұзақ үзілістің басты себебі – ауыр жарақаттар мен операциядан кейінгі оңалту кезеңі. Жаттығу залына қайта оралғанына қарамастан, балдақ қолдануы жоспарлы медициналық кезеңді немесе жарақаттың қайта сыр беруін көрсетуі мүмкін. Бұл жайтқа қатысты файтердің командасы әзірге толық мәлімет берген жоқ.

Бұған дейін бапкерлік штаб өкілдері Шавкаттың 2026 жылдың көктемінде жекпе-жекке шығуы мүмкін екенін айтқан еді. Егер қазіргі жағдай қосымша уақытты талап етсе, қазақстандық файтердің титулдық жорығы жылдың екінші жартысына шегерілуі ықтимал.

Ұзақ үзіліске қарамастан, Рахмонов UFC жартылай орта салмағында екінші орнын сақтап тұр. Дегенмен дивизиондағы бәсеке қызу: қарсыластары белсенді түрде жекпе-жек өткізіп жатыр. Осыған байланысты «Номадтың» созылған паузасы титулдық мүмкіндіктің белсендірек үміткерлерге бұйыру қаупін арттыруы мүмкін.

Фото: әлеуметтік желі