Роджер Федерер миллиардер мәртебесінен айырылды
Швейцариялық теннисші Роджер Федерерге тиесілі On Holding компаниясының акциялары арзандағаннан кейін спортшының байлығы 1 миллиард доллардан төмендеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
11 тамызда швейцариялық премиум санаттағы спорттық аяқ киім мен киім өндіруші On Holding компаниясының Нью-Йорк қор биржасындағы акциялары шамамен 19 пайызға құлдырады. Компания акционерлерінің қатарында «Үлкен дулыға» турнирлерінің 20 дүркін чемпионы Роджер Федерер де бар.
Forbes мәліметінше, акция бағасының төмендеуінен кейін теннисші кемінде 55 миллион доллар жоғалтқан. Қазір басылым оның байлығын 948,9 миллион долларға бағалап отыр.
Федерер On Holding компаниясының шамамен 2,5 пайыз акциясына иелік етеді. Оның портфелінде шамамен 296 миллион А санатындағы және 341 миллион В санатындағы акция бар.
Компания акцияларының арзандауына өткен тоқсандағы сатылым көрсеткіштерінің көңіл көншітпеуі себеп болған. On АҚШ нарығында жаңа өнімдер топтамасы шығарылар алдында ескі үлгідегі аяқ киімдерге жеңілдік жасаудан бас тартқан. Алайда қазір бұл нарықта түрлі акциялар мен жаппай жеңілдіктер белең алып отыр.
Bloomberg мәліметінше, валюталық ауытқуларды есепке алмағанда, On компаниясының екінші тоқсандағы сатылым көлемі 850,3 миллион швейцар франкін немесе шамамен 1,05 миллиард долларды құраған. Бұл сарапшылардың орташа болжамынан төмен. Олар компанияның кірісі 881,4 миллион франк, яғни шамамен 1,08 миллиард доллар болады деп күткен.
Федерер On компаниясының ортақ иесі атанған 2019 жылдан бері брендпен тығыз байланыста. Компания швейцариялық теннисшіні негізін қалаушылардың «жақын серіктесі» деп атайды.
Forbes мәліметінше, Федерер кәсіби мансабында турнирлерден 131 миллион доллар көлемінде жүлде алған. Сонымен қатар Uniqlo секілді ірі компаниялармен жасалған жарнамалық келісімшарттары мен On Holding-тегі үлесінің арқасында оның байлығы 2025 жылы алғаш рет 1,1 миллиард долларға жеткен. Осылайша ол миллиардерлер қатарына қосылған еді.
Роджер Федерер кәсіби мансабын 2022 жылы аяқтады. Швейцариялық спортшы ATP қорытынды турнирінде жекелей сында алты рет жеңіске жетті. Жалпы мансабында 111 ATP турнирінде чемпион атанды, оның 103-інде жекелей сында топ жарды. Федерер әлемнің бірінші ракеткасы атағын 310 апта бойы иеленген.
Фото: Ашық дереккөзден
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған