Қазақстанның қос теннисшісі АҚШ-тағы турнирде бір-бірімен ойнады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы Miami Open турнирінің үшінші айналымына шықты. Екінші кезеңде ол отандасы, әлемнің 75-ракеткасы Юлия Путинцеваны 6:3, 6:3 есебімен жеңді.
Бұл Рыбакинаның Майами турниріндегі алғашқы кездесуі болды. Өйткені рейтингі жоғары теннисшілер секілді ол жарысты бірден екінші айналымнан бастады. Ал Путинцева алғашқы кезеңде Janice Tjen-ді жеңіп, Рыбакинамен матчқа жолдама алған еді.
Кездесу барысында Рыбакина айқын басымдық танытты. Бірінші сетте есеп 3:3 болғанға дейін тартыс байқалғанымен, қазақстандық теннисші кейін қатарынан үш гейм алып, партияны өз пайдасына шешті. Екінші сетте де есеп тең тұрған сәттен кейін Елена қарқынын үдетіп, матчты екі сетте тәмамдады. Матч небәрі 1 сағат 17 минутқа созылды.
Ойыннан кейін Рыбакина корттағы сұхбатында жеңіске қуанышты екенін айтып, жанкүйерлерге алғыс білдірді. Оның сөзінше, Путинцеваға қарсы матчтар әрдайым қиын өтеді, ал кортқа бейімделу үшін біраз уақыт қажет болған.
Үшінші айналымда Елена Рыбакина әлемнің 28-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Костюк өз матчында Камилла Рахимованы 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Бұл матчта төртінші айналым жолдамасы сарапқа салынады.
Miami Open 2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 9 415 725 долларды құрайды. Жекелей сында чемпион атанған теннисші 1 151 380 доллар сыйақы мен 1000 рейтингтік ұпай иеленеді.
Фото: Jimmie48©
Ең көп оқылған