2026 жылы өтетін юниорлар арасындағы Australian Open турнирінің ресми қатысушылар тізімі белгілі болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Беделді жарыс 24 қаңтар мен 1 ақпан аралығында ұйымдастырылады. Қазақстан атынан жарыстың негізгі кезеңіне үш теннисші қатысады. ITF юниорлар рейтингінде 24-орында тұрған Занғар Нұрланұлы турнирге 10-нөмірлі іріктелген спортшы ретінде тіркелсе, Дамир Жалғасбай (ITF Juniors – 60) мен Даниэль Тазабеков (ITF Juniors – 94) те негізгі сеткада өнер көрсетеді.
Айта кету керек, аталған үш спортшы бұған дейін де халықаралық аренада бірге өнер көрсеткен. Олар өткен жылы юниорлар арасындағы командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасының намысын қорғап, Сергей Квактың жетекшілігімен төрт дүркін әлем чемпионы Францияны ұтып, жалпы есепте бесінші орынға тұрақтаған еді.
Фото: ҚТФ