Қазақстандық теннисшілер Түркиядағы турнирде қатарынан екінші рет топ жарды
Қазақстандық теннисшілер Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай Түркияның Кайсери қаласында өткен ITF W15 турнирінің жұптық сынында чемпион атанды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыстың бірінші нөмірлі жұбы ретінде тіркелген қазақстандық спортшылар жарыс барысында жоғары деңгейдегі ойын көрсетті. Жартылай финалда олар украиналық Мария Берген мен Катерина Дятлова жұбын 6:0, 6:3 есебімен сенімді түрде жеңді.
Финалда Асылжан мен Іңкәр түркиялық Дуру Соке мен Дога Түркменге қарсы кортқа шықты. Алғашқы сетте қазақстандықтар 6:2 есебімен басым түскенімен, екінші партияда қарсыластары дәл сондай есеппен таразы басын теңестірді. Алайда супер тай-брейкте отандастарымыз 10:5 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық атақты иеленді.
Осылайша, Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай ITF турнирлеріндегі кезекті титулдарын жеңіп алды. Айта кетейік, қазақстандық жұп бір апта бұрын да Кайсериде өткен дәл осындай турнирдің жеңімпазы атанған болатын. Бұған қоса, биыл Испаниядағы халықаралық жарыста да үздік нәтиже көрсеткен еді.
Фото: ҚТФ
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған