Қазақстандық теннисші Аустралия ашық чемпионаты финалында жеңілді
Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында Аустралия ашық чемпионаты финалында өнер көрсетті.
Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың жетінші ракеткасы ретінде тіркелсе, олардың қарсыластары – бельгиялық Элизе Мертенс пен қытайлық Чжан Шуай – төртінші жұп болды.
Матч қазақстандық-сербиялық дуэт үшін сәтті басталды. Олар алғашқы сетте 3:0, 4:1 есебімен алға шықты. Алайда тәжірибелі Мертенс – Шуай жұбы есепті 4:4-ке теңестіріп, тай-брейкте 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті.
Екінші сетте бельгиялық-қытайлық жұп 5:0 есебімен басымдық танытты. Данилина мен Крунич есепті 4:5-ке дейін қысқартқанымен, шешуші сәтте қарсыластарына жол берді – 4:6.
Бір сағат 49 минутқа созылған кездесуде Данилина – Крунич 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Ал Мертенс – Шуай 2 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың алтауын сәтті орындады. Осылайша, Анна Данилина мансабында Australian Open финалында екінші рет жеңіліс тапты.
Айта кетейік, бұдан төрт жыл бұрын Анна Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге финалда ойнап, күміс жүлдемен шектелген еді. Соған қарамастан, биылғы финалға дейін жетуі – қазақстандық спортшы үшін үлкен жетістік. Нәтижесінде ол 325 788 АҚШ доллары көлемінде жүлдеақы мен 1 300 рейтингілік ұпайға ие болды.
Сонымен қатар бүгін жекелей сында қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақ үшін кортқа шығады. Кездесу Қазақстан уақытымен 13:30-да басталады.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған