Новак Джокович Аустралия ашық чемпионатының финалына 11-рет шықты
«Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық теннисші, әлемнің төртінші ракеткасы Новак Джокович спорттық мансабында 11-рет Аустралия ашық чемпионаты финалына жолдама алды.
Жартылай финалда атақты спортшы төрт сағат сегіз минутқа созылған аса тартысты кездесуде әлемнің екінші ракеткасы, италиялық Янник Синнерді 3:6, 6:3, 4:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Матч барысында бастапқыда Синнер басымдық танытқанымен, Джокович тәжірибесі мен төзімділігінің арқасында ойын тағдырын өз пайдасына шеше білді.
Бұл – қос теннисшінің өзара 11-кездесуі. Қазіргі таңда жеке кездесулердегі жалпы есеп 6:5 – Синнердің пайдасында.
OptaAce деректеріне сүйенсек, Новак Джокович Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққан ең жасы үлкен теннисші атанды. Ол бұл жетістікке 38 жас 241 күнге толғанда қол жеткізді. Осылайша, ол Кен Розуоллдың 1972 жылы орнатқан көрсеткішінен (37 жас 57 күн) асып түсті.
Сербиялық теннисші Аустралия ашық чемпионатын бұған дейін 10 мәрте жеңіп алған. Бұл жолы ол мансабындағы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі 38-финалында өнер көрсетпек. Айта кетейік, 24 дүркін чемпион үшін бұл – Уимблдон-2024 турнирінен бергі алғашқы «Дулығадағы» финал.
Финалда Джокович әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен кездеседі. Бұл – олардың өзара оныншы матчы. Қазіргі таңда жеке кездесулер есебі 5:4 – Джоковичтің пайдасында. Ал «Үлкен дулыға» турнирлері аясында Алькарас алда — 3:2. Дегенмен, хард жабындысында серб теннисшісінің көрсеткіші жоғары – 3:1.
Сонымен қатар, дүйсенбі күні жаңартылатын әлемдік рейтингте Новак Джокович үшінші орынға көтеріледі.
Ал сенбі күні Мельбурнда әйелдер арасында Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет отандасымыз финалда өнер көрсетеді. Елена Рыбакина шешуші матчта әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған