Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингте 293-орында тұрған Михаил Кукушкин Ұлыбританияның Глазго қаласында өтіп жатқан челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ширек финалда қазақстандық спортшы өзінен рейтингте он саты жоғары тұрған Германия өкілі Том Генчпен кездесті. Кукушкин бұл матчта қарсыласына мүмкіндік бермей, екі сетте жеңіске жетті – 6:2, 6:4.
Бір сағат 26 минутқа созылған ойында 38 жастағы Михаил Кукушкин 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Ал Генч 12 эйс орындады.
Финалға шығу үшін Кукушкин әлемдік рейтингте 300-орында тұрған чехиялық Гинек Бартонмен күш сынасады. Бартон ширек финалда рейтингіде 218-орындағы жергілікті теннисші Йоханнус Мандейді 7:6 (7:2), 6:3 есебімен жеңді.
Аталған турнирдің жүлде қоры 56 700 еуроны құрайды. Жарыс жеңімпазы 8 550 еуро мен 50 рейтингілік ұпайға ие болады.
Сонымен қатар, Қазақстанның әйелдер арасындағы жұптық сындағы бірінші теннисшісі, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аделаидада өтіп жатқан WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады.
Жартылай финалда Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың екінші нөмірлі жұбы – чехиялық Катержина Синякова мен қытайлық Чжан Шуайға жол берді. Матч 4:6, 6:2, 8:10 есебімен аяқталды.
Айта кетейік, бұған дейін Анна Данилинаның Аустралиядағы турнирдің жартылай финалына шыққаны хабарланған болатын.
Фото: ҚТФ