Әлемнің бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің алты дүркін жеңімпазы испаниялық Карлос Алькарас көп жылдар бойы бірге жұмыс істеген бапкері Хуан Карлос Ферреромен ынтымақтастықты тоқтататынын жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Испаниялық теннисші бұл жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Алькарас бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, жеті жылдан астам уақытқа созылған бірлескен еңбек барысында бала күнгі армандары орындалып, үлкен жетістіктерге қол жеткізілген.
«Бұл шешімге келу маған өте ауыр тиді. Жеті жылдан аса уақыт бойы бірге жұмыс істеп, талай белесті бағындырдық. Менің бала кезден бергі арманымды жүзеге асыруыма көмектескенің үшін алғысым шексіз», – деп жазды ол.
Ферреромен бірге өткізген жеті жыл ішінде Карлос Алькарас ATP турнирлерінде 24 мәрте топ жарды. Ол US Open (2022, 2025), Уимблдон (2023, 2024), «Ролан Гаррос» (2024, 2025) турнирлерінде жеңіске жетіп, барлығы алты «Үлкен дулыға» титулын иеленді. Сонымен қатар өткен жылы Олимпиаданың күміс жүлдесін жеңіп алды.
Айта кетейік, Хуан Карлос Ферреро – теннис әлеміндегі беделді маман. Ол 2003 жылғы «Ролан Гаррос» турнирінің чемпионы атанған, бұрын әлемнің бірінші ракеткасы болған. Сондай-ақ Ферреро 2022 және 2025 жылдары ATP нұсқасы бойынша жылдың үздік бапкері деп танылған.
Фото: Matt McNulty/Getty Images