Карлос Алькарас АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды
Теннистен АҚШ-тың ашық чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жолы турнирдің басты жеңімпазы испаниялық Карлос Алькарас болды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жас теннисші финалда әлемнің бірінші ракеткасы саналатын италиялық Янник Синнерді төрт сетте — 6:2, 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіп, өзінің тағы бір тарихи жетістігіне қол жеткізді.
Бұл Алькарас пен Синнердің биылғы маусымдағы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі екінші финалдық кездесуі. Бұған дейін Алькарас Ролан Гаррос турнирінде де Синнерді тізе бүктіріп, чемпион атанған болатын. Осылайша, Карлос Алькарас бір маусым ішінде екі мәрте әлемнің бірінші ракеткасын шешуші ойында жеңіп, 1973 жылдан бергі сирек кездесетін жетістікке қол жеткізді.
Ол өз отандасы, теннис аңызы Рафаэль Надальдың 2008 жылғы тарихи жетістігін қайталады. Ол кезде Надаль Ролан Гаррос пен Уимблдон финалдарында сол уақыттың үздігі Роджер Федерерді жеңіп, екі үлкен турнирде қатарынан топ жарған еді.
Айта кетейік, Алькарас биылғы АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалында «Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 мәрте чемпионы, сербиялық Новак Джоковичті де жарыс жолынан шығарған болатын.
Осы жеңісінен кейін Карлос Алькарас әлемдік рейтингте Янник Синнерден озып, қайтадан көш басына шығып отыр.
Фото: Матч ТВ
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған