Индиан-Уэллс турнирі: Рыбакина финалда әлемнің бірінші ракеткасына есе жіберді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен WTA 1000 санатындағы турнирдің финалында әлемнің 1-ракеткасы Арина Соболенкоға жол берді.
Қорытынды есеп – 6:3, 3:6, 6:7 (6:8). Кездесу 2 сағат 31 минутқа созылды.
Финал тартысты басталды. Алғашқы партияда Рыбакина сенімді ойнап, 6:3 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте Соболенко қарқынын күшейтіп, дәл сондай есеппен таразы басын теңестірді — 6:3.
Шешуші үшінші партияда матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Рыбакина бір сәтте есепті теңестіріп, тіпті чемпиондық ұпайға да ие болды. Дегенмен соңғы сәтте Соболенко сәттірек ойнап, тай-брейкте 8:6 есебімен жеңісті жұлып әкетті.
Ресми WTA дерегіне сәйкес, матчта Рыбакина 12 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. Ал Соболенко 10 эйспен көзге түсіп, 8 брейк-пойнттың үшеуін сәтті аяқтады.
Бұл жеңіс Соболенко үшін Индиан-Уэллстегі алғашқы чемпиондық атақ болды. Ал Рыбакина турнирді күміс жүлдемен аяқтады. Reuters мәліметінше, осы нәтижеден кейін қазақстандық теннисші жаңартылатын рейтингте әлемнің екінші ракеткасы атанады.
Индиан-Уэллс жарысы бейресми түрде теннистегі «бесінші Үлкен дулыға» деп аталады. Рыбакина бұл турнирде 2023 жылы топ жарған еді, ал биыл титулға бір қадам қалғанда тоқтады.
Фото: WTA
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған