Елена Рыбакина WTA рейтингінде көш бастау мүмкіндігін жіберіп алды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің ширек финалындағы ойынын жалғастыра алмады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Осылайша ол әлемдік рейтингте бірінші орынға шығу мүмкіндігінен айырылды.
Рыбакина ширек финалда әлемнің бесінші ракеткасы, Польшаның өкілі әрі турнирдің қазіргі чемпионы Ига Свёнтекке қарсы кездесті. Қазақстандық теннисші бірінші сетте есеп 1:4 болып тұрған кезде кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Осы нәтижеден кейін Ига Свёнтек жарыстың жартылай финалына өтті. Польша теннисшісі келесі кезеңде америкалық Джессика Пегуламен кездеседі.
Рыбакинаның Цинциннатидегі турнирден шығуына байланысты әлемдік рейтингтің көшін бастау мүмкіндігі де кейінге қалды. 20 тамызда WTA рейтингінің қазіргі көшбасшысы Арина Соболенко Цинциннатиде 1/8 финалда жеңіліп қалған еді. Егер Рыбакина финалға шыққанда, жаңартылған рейтингте беларусь теннисшісін басып озып, мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанар еді.
Енді 24 тамызда жарияланатын жаңартылған WTA рейтингінде Елена Рыбакина екінші орында қалады.
Қазақстандық теннисшінің қоржынында қазіргі таңда WTA турнирлеріндегі жекелей сындағы 13 чемпиондық атақ бар.
Айта кетейік, Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің жүлде қоры 7 миллион доллардан асады. Жарыс жеңімпазы 1 миллион доллардан астам сыйақы және 1000 рейтингтік ұпай алады.
Фото: ашық дерекөзден
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған