Қазақстанның бірінші, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 61-орында тұрған аустралиялық Дарья Касаткинамен кездесті. Бұған дейін қарсыластар өзара бес рет ойнап, оның үшеуінде Рыбакина жеңіске жеткен болатын.
Уимблдоннан кейін үзіліс алған Елена алғашқы партияны сәтті бастады. Ол бірден 3:0 есебімен алға шығып, басымдығын сет соңына дейін сақтап қалды – 6:3.
Екінші партияда теннисшілер брейк алмасты. Кейін Касаткина 4:2 есебімен алға шыққанымен, Рыбакина таразы басын теңестірді – 4:4. Алайда сет соңында қазақстандық теннисші жиі қателесіп, қарсыласына 5:7 есебімен жол берді.
Шешуші партияда Елена қайтадан бастаманы өз қолына алып, 3:1 есебімен алға шықты. Қазақстандық спортшы бұл басымдығын сақтап, сетті 6:4 есебімен жеңді.
Осылайша, 2 сағат 32 минутқа созылған тартысты кездесу Рыбакинаның 6:3, 5:7, 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Елена Рыбакина келесі кездесуін әлемнің 31-ракеткасы, америкалық Энн Лимен өткізеді.
Фото: ҚТФ