Елена Рыбакина Токиодағы турнирдің жартылай финалына шықты
Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингтің жетінші нөмірі Елена Рыбакина Токиода өткен WTA 500 сериялы турнирдің ширек финалында жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.
Қазақстандық спортшының қарсыласы – канадалық Виктория Мбоко (әлемдік рейтингте №23). Кездесуде Рыбакина екі сетте жеңіске жетті – 6:3, 7:6 (7:4). Матч 1 сағат 26 минутқа созылды.
Бұл жеңіс Рыбакинаға қараша айының басында Эр-Риядта өтетін WTA финалдық турниріне қатысу құқығын берді.
«Бұл өте қиын матч болды. Бұған дейін де Викториямен кездескенім есімде, ол кезде де оңай болмаған. Екі сетте жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Екінші сет өте тартысты өтті, екеуміз де жақсы ойнадық. Тай-брейкте сәл басымдық алып, матчты өз пайдамa шештім. Соңғы апталарда доп берулерім жақсы жұмыс істеп жүр, ал қабылдау кезінде қарсыласымның ойынына бейімделуге тырыстым. Жалпы, өте қиын және тең ойын болды, нәтижеге ризамын», – деді Рыбакина матчтан кейін.
Бірінші сетте Елена 6:3 есебімен басым түсті. Екінші партия тай-брейкке ұласып, Рыбакина 7:6 (7:4) есебімен жеңісті қанжығалады.
Осы жеңістің арқасында Рыбакина WTA чемпиондық рейтингінде ресейлік Мирра Андрееваны артқа тастап, 8-орынға көтерілді, осылайша маусымның қорытынды турниріне қатысуға жолдама алды.
Жартылай финалда Елена чехиялық Линда Носковамен (№17) кездеседі. Ол өз кезегінде ресейлік Анна Калинскаяның (№38) матчтан бас тартуына байланысты келесі кезеңге өткен болатын.
Айта кетейік, Токио турнирінің жалпы жүлде қоры –1,06 миллион доллар, ал жеңімпаз 164 мың доллар және 500 рейтингтік ұпай иеленеді.
Фото: WTA
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған