Елена Рыбакина тарихи жеңісінен соң Қазақстанға алғыс айтты
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина өз мансабында алғаш рет Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы үш сетке созылған тартысты матчта жеңіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Шешуші кездесуде Рыбакина қарсыласын 6:4, 4:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Марапаттау рәсімінде чемпион ойыннан кейінгі әсерімен бөлісіп, алдымен қарсыласына құрмет көрсетті.
«Қазір сөз табу қиын. Дегенмен Аринаны соңғы екі жылдағы тамаша нәтижелерімен құттықтағым келеді. Мұндай сәтте жеңілісті қабылдау оңай емес екенін білемін. Алдағы уақытта да көптеген финалда бірге ойнаймыз деп үміттенемін. Сенің командаңа да алғыс айтамын – еңбектерің көрініп тұр», – деді Рыбакина.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші жанкүйерлерге ерекше алғыс айтып, финалға арнайы келген Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа ризашылығын білдірді.
«Осындай керемет атмосфера сыйлағандарыңыз үшін көп рақмет! Бұл нағыз шайқас болды. Қазақстанға үлкен алғыс айтамын. Жанкүйерлердің қолдауын анық сезіндім. Турнир ұйымдастырушыларына да ризашылығымды білдіремін», – деді чемпион.
Елена жеңіске жетуде үлкен үлес қосқан командасын да атап өтті.
«Өз командамсыз бұл мүмкін болмас еді. Біз көптеген қиындықтан өттік, бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Осы қарқынмен жалғастыра аламыз деп сенемін», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Рыбакина Аустралия ашық чемпионатындағы жеңісі үшін 2 млн 793 мың 365 доллар көлемінде жүлде қаржысына және 2 мың рейтингілік ұпайға ие болды. Қазіргі таңда оның еншісінде 7 610 ұпай бар. Ол екінші орында тұрған Ига Швентекке (7 978 ұпай) жақындап қалды. Ал Арина Соболенко 10 990 ұпаймен әлемдік рейтинг көшбасшысы болып отыр.
Фото: Clive Brunskill/Getty Images
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған