Елена Рыбакина Мельбурндегі жеңісі үшін рекордтық 1,5 млрд теңге алды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Australian Open турнирінің чемпионы атанып, рекордтық жүлде қаржысына ие болды.
Мельбурн корттарындағы тарихи жеңісі үшін спортшы 2 888 400 АҚШ доллары, яғни шамамен 1,46 млрд теңге табыс тапты.
Финалдық матчта Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесіп, үш сетке созылған тартысты ойында жеңіске жетті – 6:4, 4:6, 6:4.
Бұл жеңіс қазақстандық спортшыға мол қаржылай табыстан бөлек, рейтингтік ұпайлар да алып келді. Турнир қорытындысы бойынша Рыбакинаның еншісіне 2000 ұпай қосылып, келесі жаңартуда WTA рейтингінде әлемнің үшінші ракеткасы атанбақ. Сонымен қатар ол маусым басынан бергі нәтижелерді есептейтін чемпиондық жарыста (Race) бірінші орынға көтерілді.
Турнир ұйымдастырушыларының мәліметінше, Australian Open-2026 жарысында әйелдер арасындағы жекелей сындағы чемпионға 4 млн 150 мың аустралиялық доллар (салықсыз, шамамен 1 млрд 472 млн теңге) сыйақы қарастырылған. Ал финалист теннисші 2 млн 150 мың аустралиялық доллар немесе шамамен 763 млн теңге табыс тапты.
Айта кетейік, бұған дейін Елена Рыбакина 2025 жылдың қарашасында өткен WTA қорытынды турнирінде топ жарып, 5 млн 235 мың АҚШ доллары (шамамен 2,7 млрд теңге) көлемінде сыйақы алған болатын.
Мельбурндегі бұл триумф Рыбакинаның әлемдік әйелдер теннисіндегі ең табысты әрі тұрақты спортшылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фото: IZHAR KHAN / AFP via Getty Images
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған