Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Майами қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Төртінші айналымда қазақстандық спортшы әлемдік рейтингте 68-орында тұрған аустралиялық Талия Гибсонмен кездесті. Бұл олардың корттағы алғашқы бетпе-беті болды.
Матч барысында Рыбакина айқын басымдық танытты. Алғашқы сетте екі рет брейк жасап, 6:2 есебімен жеңді. Екінші партияда да дәл осындай есеп тіркелді. 2:2 болған сәттен кейін қазақстандық теннисші бастаманы толық өз қолына алып, тағы екі брейкпен матчты сәтті аяқтады.
Кездесу бір сағаттан сәл ғана аса уақытқа созылды. Осы уақытта Рыбакина 7 эйс орындап, брейк-пойнттардың жартысынан көбін тиімді пайдаланды. Ал оның қарсыласы бірде-бір брейк мүмкіндігін жүзеге асыра алмады.
Енді қазақстандық теннисші жартылай финал жолдамасын америкалық Джессика Пегуламен таласта сарапқа салады.
Фото: ҚТФ