Елена Рыбакина Эр-Риядта WTA Finals 2025 турнирінде чемпион атанды
Қазақстанның бірінші, әлемнің алтыншы ракеткасы Елена Рыбакина Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен WTA маусымдық қорытынды турнирінде жеңіске жетті.
Финалда Рыбакина әлемнің бірінші нөмірлі теннисшісі, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:3, 7:6 (7:0) есебімен ұтып, мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді. Бір сағат 48 минутқа созылған финалда Елена 13 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бірін пайдаланды. Соболенко 5 эйс соққанымен, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады.
Бұл жеңіс Рыбакинаға 1500 рейтингілік ұпай және 5,235 миллион АҚШ доллары (2,747 млрд теңге) табыс әкелді. Сонымен қатар, дүйсенбі күні жаңартылатын WTA рейтингінде ол әлемнің 5-ракеткасы атанады.
Турнир барысында Рыбакина барлық қарсыласын жеңді:
Аманда Анисимова (АҚШ, 4-ракетка) – 6:3, 6:1
Ига Швентек (Польша, 2-ракетка) – 3:6, 6:1, 6:0
Екатерина Александрова (Ресей, 10-ракетка) – 6:4, 6:4
Жартылай финал: Джессика Пегула (АҚШ, 5-орын) – 4:6, 6:4, 6:3
Осылайша, Елена Рыбакина WTA Finals турнирі 1972 жылы басталғалы бері чемпион атанған алғашқы азиялық теннисші болды. Бұған дейін қытайлық Ли На (2013) мен Чжэн Циньвэнь (2024) финалға дейін жеткен болатын.
Айта кетерлігі, Рыбакина 2016 жылдан бері маусым ішінде 500-ден астам эйс соққан алғашқы теннисші атанды. Бұған дейін мұндай нәтижеге чехиялық Каролина Плишкова ғана (2016 жылы) қол жеткізген еді.
Фото: Matthew Stockman/Getty Images for WTA
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған