Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының (Australian Open-2026) финалында әлемнің бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы үш сетке созылған тартысты матчта жеңіп, чемпион атанды.
Финалдық кездесу 2 сағат 19 минутқа созылып, Рыбакина 6:4, 4:6, 6:4 есебімен басым түсті.
Елена ойынды сенімді бастап, алғашқы сетте 2:0 есебімен алға шықты. Бір брейк жеңіс үшін жеткілікті болды – 6:4.
Екінші партияда Соболенко брейк жасап, таразы басын теңестірді – 4:6.
Шешуші сетте беларусьтік теннисші 3:0 есебімен алға кеткенімен, Рыбакина қатарынан бес гейм ұтып, матч тағдырын өз қолына алды – 6:4.
Статистика бойынша, Рыбакина 5 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Соболенконың еншісінде 5 эйс пен 2 брейк бар (8 брейк-пойнт).
Осылайша, Елена Рыбакина спорттық жолында екінші рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2022 жылы Уимблдон турнирінде топ жарған еді. Ал Аустралия ашық біріншілігінің 2023 жылғы финалында дәл осы Соболенкоға жол берген болатын.
Australian Open-2026 барысында Рыбакина бірқатар мықты қарсыластарын жеңді. Атап айтқанда, ол Ига Швёнтек, Джессика Пегула секілді әлемдік рейтингтің көшбасшыларын жарыс жолынан шығарды.
Биыл Аустралия ашық чемпионатының жүлде қоры 74,9 миллион АҚШ долларын құрады. Әйелдер арасындағы жекелей сында жеңіске жеткен спортшы 2 793 365 доллар көлемінде сыйақы мен WTA рейтингінде 2000 ұпай иеленді.
Тағы бір қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы жарыстың жартылай финалында америкалық Китон Ханстан 3:6, 2:6 есебімен жеңіліп, финалға шыға алмады.
Фото: ҚТФ
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған