Мәзір
Теннис

Елена Рыбакина Australian Open-2026 турнирінің төртінші кезеңіне өтті

Сабина Асқарқызы 97 қаралым
Елена Рыбакина Australian Open-2026 турнирінің төртінші кезеңіне өтті

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA №5) Australian Open-2026 турнирінің төртінші кезеңіне жолдама алды.

Мельбурнде өтіп жатқан жарыстың үшінші айналымында Рыбакина әлемдік рейтингте 54-орында тұрған, 18 жастағы чехиялық теннисші Тереза Валентовамен кездесіп, қарсыласын 6:2, 6:3 есебімен жеңді.

Матч 1 сағат 23 минутқа созылды. Кездесу барысында қазақстандық спортшы 4 эйс жасап, бір ғана қос қателікке жол берді. Ал Валентова 4 эйс орындағанымен, 8 қос қателік жіберді.

Айта кетейік, Тереза Валентова – өз жасындағы ең дарынды теннисшілердің бірі. Ол жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингтің топ-4 қатарына кіреді және 2024 жылы Ролан Гаррос турнирінде жекелей әрі жұптық сында чемпион атанған.

Елена Рыбакинаның Australian Open турниріндегі ең үздік нәтижесі – 2023 жылғы финал. Ал өткен маусымда ол төртінші айналымға дейін жеткен еді. Осылайша қазақстандық теннисші биыл да былтырғы көрсеткішін қайталап отыр.

Статистикаға сүйенсек, Рыбакина матч барысында 9 брейк-пойнттың 5-еуін тиімді пайдаланды. Валентова өз кезегінде 9 брейк-пойнттың 2-еуін ғана іске асырды.

Төртінші кезеңде Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, бельгиялық теннисші Элисе Мертенспен кездеседі. Мертенс үшінші айналымда рейтингіде 126-орында тұрған чехиялық Никола Бартунькованы 6:0, 6:4 есебімен жеңген.

Фото: ktf.kz

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар