Елена Рыбакина әлемдік рейтингте үшінші орынға сырғыды
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) чемпиондық жарыстың жаңартылған рейтингін жариялады. Францияның ашық чемпионаты аяқталғаннан кейін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина екінші орнынан айырылды.
Жаңартылған рейтинг бойынша Рыбакинаның еншісінде 4388 ұпай бар. Осы көрсеткішпен ол үшінші орынға сырғыды.
Чемпиондық жарыстың жаңа көшбасшысы – Ресей өкілі Мирра Андреева. Ол 4928 ұпай жинап, алғаш рет рейтингтің бірінші сатысына көтерілді. 19 жастағы теннисші Ролан Гаррос турнирінің финалында польяк спортшысы Майя Хвалиньскан 6:3, 6:2 есебімен жеңіп, мансабындағы алғашқы «Үлкен дулыға» титулын жеңіп алды.
Екінші орынға Беларусь өкілі Арина Соболенко жайғасты. Оның қоржынында 4510 ұпай бар.
Айта кетейік, Рыбакина Париждегі турнирді күтпеген жерден ерте аяқтады. Ол жарыстың үшінші айналымында украиналық Юлия Стародубцеваға 6:3, 1:6, 6:7 (4:10) есебімен жол берді.
Ал Қазақстанның тағы бір өкілі Юлия Путинцева WTA чемпиондық жарысының рейтингінде 44-орында тұр.
WTA чемпиондық жарысы теннисшілердің тек биылғы маусымдағы нәтижелерін есепке алады және жыл қорытындысындағы WTA Finals турниріне қатысатын спортшыларды анықтайды.
ӘЧ-2026: Ирак шабуылшысы АҚШ әуежайында жеті сағат бойы тексерістен өтті
Ең көп оқылған