Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Қазақстан мен АҚШ құрамалары арасындағы тартысты матч жалғасуда, деп хабарлайды malimsports.kz.
Қазақстан намысын қорғаған әлемдік рейтингтің 10-ракеткасы Елена Рыбакина америкалық Джессика Пегулаға (WTA – 7) қарсы кортқа шықты. Бұған дейін қос теннисші төрт мәрте кездесіп, соның үшеуінде Пегула жеңіске жеткен болатын.
Бұл жолы Рыбакина сенімді ойын көрсетті. Бірінші партияны брейк жасап, 6:4 есебімен өз пайдасына жаза білді. Екінші сетте қазақстандық спортшы тіпті қарқын қосты: алдымен 3:0, кейін 5:1 есебімен алға шығып, матчқа доп берген сәтте мүмкіндігін мүлт жібермеді – 6:1.
Ойын 1 сағат 11 минутқа созылды. Рыбакина 9 эйс орындап, 7 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды. Ал Пегула небәрі 1 брейк жасап, 4 мүмкіндіктің үшеуін қолдана алмады.
Осылайша, жалпы есеп 1:1 болып теңесті. Енді ширек финалдың тағдырын қос құрама арасындағы жұптық кездесу шешетін болады.
Фото: ҚТФ