Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Қазақстан мен АҚШ құрамалары күш сынасуда, деп хабарлайды malimsports.kz.
Алғашқы кездесуде қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингте 61-орында тұрған Юлия Путинцева америкалық Эмма Наварромен (WTA рейтингі – 18) кортқа шықты.
Матч аса тартысты өтті. Бірінші партияда Наварро 7:5 есебімен алға шықса, екінші сетте Путинцева сенімді ойнап, 6:2 есебімен жеңісті өз пайдасына жазды. Үшінші, шешуші сет тағдырын тай-брейк шешті. Қазақстандық теннисші екі бірдей матчболға ие болғанымен, пайдалана алмай қалды. Нәтижесінде Наварро 7:6 (8:6) есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 2 сағат 30 минутқа созылды. Осылайша, жалпы есепте АҚШ құрамасы 1:0 есебімен алға шықты.
Келесі болып кортқа Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мен америкалық Джессика Пегула шығуы тиіс. Бұл кездесу ширек финалдағы жалпы есеп үшін шешуші мәнге ие болмақ.
Фото: ҚТФ