Қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова Нью-Делиде өтіп жатқан ITF W35 санатындағы жарыста жұптық сында ширек финалға шықты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ол бұл турнирде ресейлік Элина Неплиймен бірге жұп құрап, алғашқы айналымда корт иелері Лаалитя Каллури мен Яшасвини Панварды айқын басымдықпен жеңді. Қазақстандық-ресейлік дуэт қарсыластарына 6:1, 6:0 есебімен еш мүмкіндік қалдырмай, матчты небәрі 44 минутта аяқтады.
Енді Сағындықова мен Неплий жартылай финал жолдамасы үшін турнирдің төртінші нөмірлі жұбы саналатын үндістандық Вайшнави Адкар мен Сравайа Шивани Чилакалапудимен кездеседі.
Сонымен қатар Аружан Сағындықова жекелей сында да жарысын жалғастырып жатыр. Ол екінші айналымда әлемдік рейтингте 382-орында тұрған жапониялық Саки Имамурамен ширек финалға шығу үшін кортқа шығады.
Фото: ҚТФ