Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сындағы жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жекелей сында көш басында бұрынғыша беларусьтік Арина Соболенко тұр. Одан кейінгі орындарда Польша өкілі Ига Швентек пен қазақстандық Елена Рыбакина орналасқан.
Қазақстандық теннисшілер арасында Юлия Путинцева 70-орнын сақтап қалды. Ал Зарина Дияс 290-орынға, Жібек Құламбаева 388-сатыға төмендеді.
Жұптық сында бельгиялық Элизе Мертенс бірінші, чехиялық Катержина Синякова екінші орында болса, италиялық Жасмин Паолини мен Сара Эррани үшінші сатыны бөлісіп тұр. Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 11-орыннан 10-орынға көтеріліп, ТОП-10 қатарына қайта енді. Айта кетейік, оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіші — 8-орын (2025 жылдың маусымы).
Жұптық рейтингте Юлия Путинцева 106-орынға, Жібек Құламбаева 137-сатыға сырғыды. Осы аптада Елена Рыбакина мен Анна Данилина Қатардың Доха қаласында өтетін WTA 1000 турниріне қатысады. Рыбакинаның екінші айналымдағы қарсыласы бүгін белгілі болады, ал Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жарысты екінші кезеңнен бастайды.
Фото: ҰОК