Қазақстандық жұптық сындағы үздік теннисші, әлемдік рейтингте 13-орында тұрған Анна Данилина Нинбода (Қытай) өтіп жатқан WTA 500 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы айналымда германиялық Лаура Зигемунд пен америкалық София Кенинді сенімді түрде ұтты.
Бірінші сетте Анна мен Александра айқын басымдық танытып, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партия тартысты өрбіді: неміс-америкалық жұп 3:1 есебімен алға шыққанымен, Данилина мен Крунич шеберліктерін танытып, матчты өз пайдасына аяқтады — 7:5.
Бір сағат 37 минутқа созылған кездесуде қазақстандық-сербиялық дуэт 3 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың тең жартысын тиімді пайдаланды. Ал қарсыластары — Зигемунд пен Кенин 1 эйс және 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Келесі кезеңде Анна Данилина мен Александра Крунич жартылай финал жолдамасы үшін америкалық Николь Меличар-Мартинес пен ресейлік Людмила Самсоновамен кездеседі.
Айта кетсек, өткен аптада Данилина мен Крунич Уханьда (Қытай) өткен WTA 1000 турнирінде де сәтті өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен болатын.
Фото: ҚТФ